Павлодар "қызыл аймақта" болғанмен әзірше шектеу шаралары қабылданған жоқ

839

Мамандар бес күндік эпидахуалды бақыламақ. 

Павлодар "қызыл аймақта" болғанмен әзірше шектеу шаралары қабылданған жоқ Фото: Валерий Бугаев

26 сәуір күні Павлодар облысы коронавирустық инфекцияның таралу көрсеткіші бойынша "қызыл аймаққа" енді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Өткен аптада 394 адам қауіпті дертке шалдықса, одан бір апта бұрын 308 тұрғыннан инфекция анықталған еді. Сол себепті кеше Павлодар облысы қауіпті аймақтардың қатарына қосылды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанованың сөзінше, жағдайдың күрделене түсуіне маусымдық сырқаттар себеп болып отыр. Биыл тұмаумен ауырғандар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге өсті. Нақтысын айтқанда, 36 150 адам медициналық көмекке жүгінді.

Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні шектеу шараларын күшейтуге әлі ерте. Мамандар алдағы бес күн аралығындағы эпидемиологиялық жағдайды бақылап, соған сәйкес өзгерістер қабылдайды.

"Коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны көбейсе, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режимі сағат 20.00-ге дейін қысқарып, облысаралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы тоқтатылуы мүмкін. Театр, кинотеатр, концерттік залдар, басқа да мәдениет мекемелерін қайта жабу мәселесі қаралады. "Ashyq" жүйесіне қосылмаған спа-орталықтар, фитнес клубтар, бассейндер мен спорттық-сауықтыру орындарының сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуіне шектеу қойылуы ықтимал", - дейді Зәмзәгүл Досжанова.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін облыстағы 12 қызмет көрсету орны "Ashyq" жүйесіне тіркелді.

Жоғарыда аталған шектеулердің бірнеше күн дересінде қабылданатын түрі бар. Себебі сырқатқа шалдыққандар саны көбейіп келеді. Кеше Павлодар облысының 75 тұрғынынан коронавирустық инфекция анықталса, бүгін 87 адамның COVID-19 жұқтырғаны белгілі болды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу