Павлодар облысындағы мектептерінде 6 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Бұл мәселе "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында шешілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
Облыс орталығындағы "Достық" шағын ауданында қараша айынан бастап, 1200 балаға арналған заманға сай білім ұясы пайдалануға беріледі. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталу шегінде.
Өңірлік білім беру басқармасының мәліметінше, жаңа ғимарат қаланың аталған бөлігіндегі орын тапшылығын шешеді. Ал, мектептің өзі заманға сай оқу жабдықтарымен қамтылады.
"Павлодар облысында барлығы 5 жайлы мектеп салынады деген жоспар бар. Бұл мектептердегі орын тапшылығын шешеді деген үміт зор. Қазіргі уақытта облыста шамамен 6 мың орын тапшылығы бар. 7 мектептегі оқушылар үш ауысымда оқып жатыр", – деп мәлімдеді басқармадан.