Бүгін таңертең Павлодар қаласындағы бірнеше мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат түсті. Сол себепті оқу процесі үзіліп, оқушылар үйлеріне қайтарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Алғашқы қоңырау сағат 10.45-те түсті. Бұл туралы №39 мектеп директоры хабарлады. Білім беру мекемесінің басшысының айтуынша, бейтаныс адам қоңырау шалып, мектеп толығымен миналанғанын айтқан. Сондай-ақ, балаларды эвакуациялауға тек 20 минут уақыт беретінін жеткізген. Алгоритмге сәйкес, аталған жағдай туралы бірден 102 телефоны арқылы да хабар берілді. Оқу орнына дереу құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, балалар мен қызметкерлерді мектептен шығара бастады.
Бұдан соң дәл осындай қоңыраулар А.Шамкенов атындағы мектепке, №6, 29, 17, 18 мектептерге де түскен. Әлдекім аталған оқу орындарына қоңырау шалған кезде де балаларды эвакуациялау барысында оларды ауа райына байланысты далада ұстамай, қашықтықтан оқытуға жіберуді талап еткен. Барлық мекеме алгоритм аясында жұмыс істеп, әрқайсысына тәртіп сақшылары келіп, жағдайды бақылауға алды.