Павлодар қаласындағы мұнай өңдеу кәсіпорны қазан айының алғашқы күндері күрделі жөндеуге байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"ҚазМұнайГаз" компаниясының хабарлауынша, зауыттағы жоспарлы істер мерзімінен бұрын аяқталды. Кәсіпорын 1 қарашадан бастап өнімнің барлық түрін қайта өндіруге дайын.
"Күрделі жөндеу жұмыстарына ауа райы кедергі келтіргенмен, ПМХЗ ұжымы қойылған міндетті сәтті түрде атқарды. Бір ай аралығында 933 технологиялық құбыр желілерінің, 19 бу құбырының және 300 құрылғының техникалық куәландыру мен өндірістік қауіпсіздігі бойынша талдамалары жүргізілді. Сонымен қатар зауыттағы бағаналар ауыстырылып, мұнайды бастапқы өңдеу өндірісіндегі көмірсутекті газ желілері жөнделіп, пештермен трансферлік желілердің газ жүру құбырлары жаңарды", – деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз".
Жөндеу жұмыстарына барлығы 1 200-ге жуық адам тартылды. Павлодар мұнай-химия зауыты өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын жөндеуге байланысты өндірісті уақытша тоқтатқан тұста мұнай өнімдерімен қамтуда қиындықтар туындаған жоқ. Алдын ала дайындалған қор – АИ-92 маркалы жанармайдың 45 мың тоннасы мен АИ-95 маркалы бензиннің 2 мың тоннасы тапсырыс берушілерге уақытылы жеткізілді.
Ажар Дәулетова