"Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС-де жүргізілген жоспарлы жұмыстар кезінде жаңа электр дегидраторларды монтаждау іс-шаралары жүзеге асырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Электр дегидраторлар мұнай құрамындағы су мен тұзды бөлектеп шығарады. Бұл процестің мұнай өнімдері сапасын арттыруда маңызы зор. Жоспарлы алдын алу жұмыстары кезінде кәсіпорында көлемі 160 текше метр болатын ЭГ-160-18 жаңа буын үлгісі орнатылды. Бұл құрылғы үш қатарлы металл электродтары бар жүйемен жабдықталған. Бұған дейін қолданылған үлгілерде екі қатар ғана болатын.
Электр өрісінің бірдей таралуының нәтижесінде мұнай құрамынан суды анағұрлым тиімді тазартуға мүмкіндік береді.
Әр дегидратор жарылудан қорғалған екі қуат көзімен қамтамасыз етілген. Олар заманауи қауіпсіздік талаптарына сай келеді және жабдық жұмысының тиімділігін арттырады.
Басқарудың тарату жүйесі (DCS) өндіріс процесін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.