Павлодар мұнай-химия зауытында сұйытылған газды жөнелту тұрақтандырылды

Жергілікті билік осылай мәлімдеп отыр.  

Павлодар мұнай-химия зауытында сұйытылған газды жөнелту тұрақтандырылды Фото: Егемен Қазақстан

Кеше Павлодар-мұнай химия зауытында өңделген сұйытылған газ дер кезінде кәсіпорын аумағынан шығарылмағандықтан, жаңа өнімді сақтайтын мүмкіндік жоқ екенін жазған едік. Осыны ескерген зауыт басшылығы бірнеше технологиялық қондырғының жұмысы тоқтауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған қатысты Павлодар облысы әкімдігі өз жауабын берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жергілікті биліктің мәліметінше, кеше зауыттан 30 вагон-цистерна тиелді. Жолда тағы осынша вагон бар. Бұл көлем сұйытылған көмірсутекті газдың тәуліктік өндірісіне сәйкес келеді.

"Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Хасар Қабылбеков пен Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығы сұйытылған көмірсутекті газды тиеп, жөнелту мәселесіне қатысты жиын өткізді. Қазіргі уақытта жөнелту жұмыстары қаңтарға арналған тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспарына сәйкес штаттық режимде жүріп жатыр. Жағдай тұрақтыныдырылды", - деп хабарлайды облыстық әкімдік. 

Сонымен қатар, жергілікті билік Павлодар мұнай-химия зауыты бұған дейін аталмыш мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүгінбегенін әрі хабарландырмағанын атап өтті. 

Еске сала кетейік, бұған дейін мұнай өңдеу зауыты сұйытылған газ паркінде 2857 тонна дайын өнім барын алға тартқан еді. Ал паркта сақтауға болатын максималды көлем – 3 мың тонна. Осыны ескерген кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта дайын өнім дер кезінде тасымалданбаса, технологиялық қондырғыларды тоқтатуға тура келетінін ескертті.

Атап өтерлігі, зауытта тәулігіне 1000-1050 тонна газ өндіріледі. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу