Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар өңіріне сапарында халықты сумен қамтамасыз етудің тиімді жолын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
"Павлодар облысы ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету жөнінен еліміз бойынша көрсеткіші ең төмен өңірлердің бірі. Бұл мәселені жүйелі түрде жедел шешу керек. "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі" бағдарламасы аясында 2018 жылы сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін жаңғырту үшін республикалық бюджеттен 2,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Үкімет пен әкімге әрбір бөлінген теңгеге қатаң бақылау жасауды тапсырамын. Сонда ғана халықты сумен қамтамасыз ету ісін уақтылы және тиімді шеше аламыз", – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті аталған өңір үшін экология мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын атап өтті.
"Біз ұлт денсаулығына, саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аударамыз. Алайда, кәсіпорындардың қалдықтарына бақылаудың жоқтығынан біздің өндірістік орталықтарымызда күрделі экологиялық ахуал қалыптасып отыр", – деді Қазақстан Президенті.