Павлодар облысы Беларусьтен 20 трамвай сатып алды

564

Павлодар облысы Беларусьтен 20 трамвай сатып алды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Беларуське жасаған жұмыс сапары аясында Минск облысы атқарушы комитетінің төрағасы Семен Шапиромен кездесіп, бірнеше ірі кәсіпорынды аралады, деп хабарлайды strategy2050.kz.

Минск облысының атқару комитетінде өткен кездесуде аймақ басшысы Павлодар облысы мен Беларусь Республикасының арасындағы іскери байланыс жыл сайын нығайып келе жатқанын тілге тиек етті.

"Біздің Белоруссияға келудегі мақсатымыз – тәжірибе бөлісу және инвестиция тарту. Қазіргі таңда біздің өңірдің Белоруссиямен арадағы өзара тауар алмасу үлесін металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінің өнімдері құрайды. Біз сіздерден 20 трамвай сатып алып, қосымша 5 вагон алу жөнінде келісімшарт жасаймыз. Сонымен қатар, біздің өңірімізде Белоруссияда жасалатын автобус пен лифт сұранысқа ие. Сондай-ақ біздің кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы саласында комбайн шығару бойынша өзара әріптестікке дайын", – дейді Павлодар облысының әкімі.

Болат Бақауов әріптесіне Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығы туралы картаны таныстырды, ал ол Минск облысының басымдықтары туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге баса назар аударды. Павлодар мен Минск қалаларының жанынан құрылған арнайы экономикалық аймақтар туралы да сөз қозғалды.

Павлодар облысының әкімі кездесуден кейін бірнеше ірі кәсіпорынды аралап көрді. "Белкоммунмаш" ААҚ-да Болат Бақауов электр транспортының өндірісімен танысып, электробуста саяхат жасаса, "Амкодор" акционерлік қоғамында аймақ басшысы арнайы техниканың өндірісімен танысты. Сонымен бірге, әкім жүзден астам кәсіпорын жұмыс істейтін "Минск" арнайы экономикалық аймағында болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу