Павлодар облысында туристік кезең 14 маусымда басталмақ. Оған дейін демалыс аймақтарының дайындығы егжей-тегжейлі тексеріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұл өңірде көпшілік тарапынан Баянауыл туристік аймағына сұраныс жоғары. Өткен жылы мұндағы Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдерінің жағасында 160 мыңнан астам адам демалған. Сонымен қатар, Маралды, Тұзқала көлдерінде ем-шипа алып әрі аптап ыстықта сергіп алатын туристер бар. Ал кейбірі, әсіресе өзге өңірлерден келетін қонақтар Шарбақты ауданындағы Шалдай қарағай орманы, Мәшһүр Жүсіп, Ғабдул Уахит Хазірет, Исабек Ишан кесенелері сынды қасиетті нысандарға баруды құп көретін көрінеді.
"Биыл Павлодар облысына демалуға 267 мың адам, оның ішінде ішкі туризм бойынша 244 мың демалушы мен 23 мың шетелдік турист келеді деген болжам бар. Олар үшін өңірде біржолғы сыйымдылығы шамамен 9000 төсек-орын болатын 139 орналастыру орны бар. Аймаққа келетін туристердің негізгі ағыны РФ шекаралас аймақтарынан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан, Астана қаласынан келетіні байқалады", - дейді Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашев.
Сонымен қатар, облыстың 44 туристік маршруттары мен соқпақтарының ішінен "Сабындыкөл – Жасыбай демалыс аймағы" бір күндік бағыты ҚР негізгі туристік маршруттарының тізіліміне енгізілді. Ал туристер көп жиналатын орындарда демалушылардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция кезекшілігі де қамтамасыз етілген.