Павлодар облысының Баянауыл шипажай аумағы ҚР мәдениет және спорт министрлігімен әзірленген туристификация картасына енді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Қалиақпаров мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"10 инвестициялық жобаның қатарына кіру аймақтың туристік әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді", - деді Ерлан Қалиақпаров.
"Қазіргі таңда туризм саласындағы мемлекеттік бағдарламаны дайындау жұмыстары басталды. Осының нәтижесінде республикалық деңгейде туристік саланы дамытуға көмек көрсетіледі. Аталған тізімнен шағын авиацияға арналған аэродромы мен тау-шаңғы кешені, төрт көлі бар Баянауыл ауданы орын алды. Бұдан бөлек, "Ertis Promenade", "Қарбыз фестивалі", "Ертіс думаны", "Ертіс меридианы", "Ұлы дала елі", "Музей түні" республикалық шаралар тізіміне қосылды. Мұның барлығы туристердің ағымын қамтамасыз етеді. Өңірдегі өткізілетін шаралар туралы алдын ала ақпарат беріледі".
2017 жылы ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілген адамдардың жалпы саны 29,3 пайызға артып, 147 785 жанды құраған. 2016 жылғы көрсеткіш - 114 057 адам.
Облыстық мәдениет басқармасы өңірде 78 қасиетті жерді анықтаған. Оның ішінде республикалық және облыстық маңыздағы 41 қасиетті жердің тізіміне 64 маршрут енгізілген.
"Қазақ туризмі" АҚ мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген туристификация картасында "Имантау – Шалқар" шипажай аумағы (СҚО), Щучье - Бурабай (Ақмола облысы), "Маңғыстау" инфрақұрылымы-рекреациялық кешені ("Ащысор") (Маңғыстау облысы), Түркістанның көне тарихи ортасын қалыпқа келтіру (Оңтүстік Қазақстан облысы), Шарын шатқалы (Алматы облысы), Балқаш көлі (Алматы облысы), Алакөл көлінің жағасы (ШҚО), Алматы өңірінің таулы кластері және "Көшпенділер тарихы" орталығы (Астана) бар.