Украинаның Полтава облысынан сатып алынған 200 бас сиыр Качир ауданына жеткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Голштина тұқымы аса күй талғамайды, суыққа да төзімді, сүтті. Сондықтан Качир ауданы Федоровка ауылындағы "Агро Даму" ЖШС сиырдың осы тұқымын сатып алуға бел буған.
"Біздің мамандар Украинаға барып, барлығын өз көздерімен көріп қайтты, - дейді "Агро Даму" ЖШС директоры Руслан Бөкеев. - Сиырлар толықтай тексеруден өткізілді. Бұл ірі қараларды ол жақта қалай бақса, бізде де сондай күтімде болады. Екі жақтың ауа райында да айтарлықтай айырма жоқ".
"Агро Даму" ЖШС фермасы жақында ғана қайта қалпына келтіру шарасынан өтіп, сүт-тауарлы шаруашылық санатына енді. Украинаның ірі қараларын қабыдауға дайын. Ферма жоғары технологиядағы құрылғылармен жабдықталған.
"Бұл ферманың құрылысы жаңа үлгіде салынған. Бізге мамандар келіп, барлығын үйретті. Жаңа құрылғымен қалай жұмыс жасау керектігін көрсетті. Аппараттар бұзылған жағдайда қалай іске қосу керектігі жөнінде нұсқаулық кітаптар да берді", - дейді "Агро Даму" ЖШС шебері Роман Фоленвейр.
Шаруаларлдың айтуынша, бұл сиырдың әрқайсысы тәулігіне 18 литр сүт бере алады.