Павлодар облысынан Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" көрмесіне баратын тұрғындардың саны - 100 мыңға жуық, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы агенттікке "Нұр Отан" партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз хатшысы Айбек Жұматов мәлім етті.
Қазіргі таңда оларды көлікпен қамтамасыз ету және орналастыру мәселесі қарастырылуда. Биыл Астана қаласы 10 маусым - 10 қыркүйек аралығында "ЭКСПО 2017" Халықаралық көрмесін қабылдайтыны белгілі. Алайда кейбір адамдарға әлі күнге дейін көрме туралы жеткілікті ақпарат жетпегені туралы атап өткен жөн. Сондықтан облыстық филиалдың ғимаратында әрбір жұма сайын көрмеге дейін қоғамның әртүрлі өкілдерімен кездесулер өткізіліп тұрады, - дейді Айбек Жұматов.
Баспаөз хатшысының айтуынша, өткен аптада қалалық әкімдік ұсынған ақпарат бойынша Павлодарда 5000-ға тарта билет сатылған. Бұл ретте, онлайн тәртібінде рәсімдегендер есепке алынбаған. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен халық қалаулылары ұжымдарына немесе қайырымдылық мақсатта жетім және аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін билеттер ұсынған. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаттары Гүлмира Нұрханова, Қайрат Әбішев пен Айман Оспанова балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 42 билет сатып алған.
Еске сала кетейік, Павлодарда "ЭКСПО-2017" көрмесінің билеттері Ак. Сәтбаев көшесі, 50, Қамзин көшесі, 58 мекенжайларындағы пошта бөлімшелерінде және (Ак. Сәтбаев көшесі, 19) "Меломан" дүкені мен (Лермонтов көшесі, 96) "Саят-Павлодар" туристік агенттігінде сатылады. Сондай-ақ "Осында және қазір" сатып алуды қалайтындар tickets.expo2017astana.com ресми сайты арқылы билеттерге қол жеткізе алады.