"ҚазАвтоЖолдың" ақпаратына сәйкес, бүгін сағат 17:00-ден кейін Павлодар облысынан барлық бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайтын және дизель отынымен жүретін автокөліктер үшін шектеу қойылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Қатты аязға байланысты жолға шығудан бас тартқан дұрыс. Сондай-ақ, бүгін өңірде Баянауыл, Аққулы және Май аудандарынан өзге барлық мектептерде екінші ауысымда сабақ өткізілмейді. Қазіргі уақытта сынап бағаны – 30 градусты көрсетіп тұр. Сондықтан қатты аязға байланысты екінші ауысымдағы 1-9 сыныптар үшін сабақтар болмайды", – дейді облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінде.
Өткен сенбі күні бірінші және екінші ауысымда сабақтар тоқтатылған болса, бүгін таңертең температура - 25 градусты, желдің жылдамдығы секундына 25 метрді құрады және бірінші ауысымда сабақтар өткізілген болатын.
Еске сала кетейік, "Қазгидрометтің" мәлімдеуінше, суық арктикалық фронттың әсерінен 2018 жылдың 22 желтоқсанынан бастап сынап бағанасы түнде - 28–ге дейін, күндіз -20-ға дейін төмендейді. 24-28 желтоқсан аралығында күндізгі ауа температурасы -30-ға дейін жетеді. Түнде термометр бағанасы -35 градусқа дейін төмендейді.