Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының тұрғындарымен кездесу барысында білім мен өскелең ұрпақ тәрбиесіне айрықша тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз", – деді Президент.
Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға көңіл бөлді.
"Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады. Сонымен бірге "Жас ғалым" жобасының аясында 1 000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді", – деді Қ.Тоқаев.
Еңбекке жарамды азаматтардың басты міндетін де еске салды.
"Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз", – деді Мемлекет басшысы.