Павлодар облысында 118 көлік қар құрсауында қалды

Жолаушылар жылыту пункттеріне жеткізілді.  

Павлодар облысында 118 көлік қар құрсауында қалды Фото: Константин Шелков

Павлодар мен Астана қалаларының аралығында орналасқан Шідерті кентінің аумағындағы жолды қар басып қалды. Салдарынан көліктердің кептелісі туындады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 118 көлік әрі қара өтей алмай, кептелісті тұрып қалды. Оның ішінде 26 жүк көлігі, 87 жеңіл көлік пен 5 автобус бар. Мұндағы 225 жолаушы мен жүргізушінің 86-сы жергілікті үш жылыту пунктіне орналастырылды. Сондай-ақ, жолда қалған азаматтарға мектеп асханасында ыстық тамақ ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта "ҚазАвтоЖол" ҰК мамандары 4 жол көлігі мен 4 К-700 тракторының көмегімен қарды тазалап, жолды ашу жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар, төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері мен 7 полиция өкілі жұмылдырылды.

Өңірде ауа райының нащар болуына байланысты Шідерті-Астана, Шідерті-Қарағанды және Павлодар-Шығыс Қазақстан бағыттарындағы жолдар жабық. Соған қарамастан, кейбір тұрғындар тәуекелге барып, жолға шығып жатыр. Полиция боранның салдарынан қауіп туындауы мүмкін екенін ескертеді. Алайда оған құлақ асатындар аз.

Айта кетейік, бүгінде жолдар жабық екені туралы ескерту хабарламаларының таратуын елемей, жолға шыққан жүргізушілерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Полиция қызметкерлерінің шектеуін елемей, жабық жолға алғаш шыққандар  30 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 15 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Олқылық қайталанса, 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу