Павлодар облысында 16 ауыл тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартқан

Бұл елді мекендерде алкогольдік өнімдер сатылмайды.  

Павлодар облысында 16 ауыл тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартқан Фото: kazlenta.kz

Соғы жылдары ащы судан бас тартып жатқан елді мекендердің қатары көбейіп келеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, соның нәтижесінде құқық бұзушылықтар саны да айтарлықтай азайған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Екібастұз қаласының прокуратурасы мен полиция бөлімі бірлесіп, "Ішімдіксіз ауыл" жобасын бастау туралы ұсынған еді. Бұл бастаманы елді мекенге қарасты 15 ауыл бірден қолдай кетті. Сонымен қатар, осыдан бірнеше жыл бұрын Баянауыл ауданындағы Жаңатілек ауылының азаматтары алғашқылардың бірі болып алкоголь және темекі өнімдерін саудалауды доғарған еді. 

Ащы суды серік қылуды тоқтатқан ауылдардың тағы бірі – Құлакөл. Бұл елді мекенде 500-ге жуық адам тұрады. Ал үш дүкеннің ешқайсысында ішімдік сатылмайды. 

"Сауда орындарының иелері мен тұрғындар саналы түрде салауатты өмір салтын сақтауға бет бұрды. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпке оң әсер етеді. Көшеде мас күйде жүрген адамды көрмейсіз. Әрқайсысы өз тірлігімен айналысып жүр. Соның нәтижесінде отбасылық жанжалдар мен құқық бұзушылықтар да орын алмайды. Соңғы бірнеше жылда бұл ауылда бір де бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ", - дейді жергілікті учаскелік полицей Азат Хабдуллинов. 

Жергілікті жұртшылық та ешкім ішімдік ішпейтін ауылда өздерін қауіпсіз сезінетінін айтады. 

"Ауыл іші тыныш, ешкім ішімдікке әуес емес. Ішімдік сатудың тыйылуы жастарды да тәрбиелейді. Олар жат қылықтардан бойларын аулақ ұстап, спортты серік етіп, уақытын пайдалы іске жұмсайды", - дейді ауыл тұрғыны Орынбасар Мұхаметқали. 

Ал полиция өкілдері алдағы уақытта өңірдегі ішімдіксіз ауылдардың қатары көбейетініне үміттенеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу