Павлодар облысының Екібастұз, Баянауыл, Железин және Шарбақты аудандарының 23 ауылы интернет желісіне қосылу мүмкіндігі болмай отыр, деп хабрлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов мәлім етті.
"Аймақта 365 ауыл әлі күнге дейін интернет желісіне қосылған жоқ, – деді басқарма басшысы. – Олардың 342-сі келесі жылы қосыла бастайды. Бірақ желі жылдамдығы секундына 512 килобиттен 4 мегабитке дейін ғана болады. Ал, 23 ауылды тіпті жылдамдығы төмен интернетке де қосу мүмкіндік болмай тұр. Ауылдардың біреуі таулы аймақта орналасса, екіншісі жер серігіне байланысты мүмкіндік жоқ. Жалпы жоғары жылдамдықты ғаламторды спутник байланысы мен радиокөпірлер арқылы қосылу тәсілдері бар. Бірақ оның құны айына 35 мың теңгені құрайды. Бұл сома мекемелер үшін қол жетімді болса, тұрғындар үшін қымбатқа түседі"
Басқарма өкілі осыған байланысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі интернет желісіне қосу мақсатында Жол картасын әзірлегенін атап өтті.
"Оған халық саны 50 адамға жететін және одан да көп ауылдық елді мекендердің барлығы қамтылады. Ауыл тұрғындары ғаламторды пайдаланғаны үшін айына 3-3,5 мың теңге жұмсайтын болады, - деді Ермұрат Нұрханов.
Басқарма басшысының айтуынша облыстың 343 денсаулық сақтау мекемесінің 136 нысанында интернеттің жылдамдығын секундына 4 мегабитке дейін жоғарылату жоспарда бар. Ал, 370 мектеп кең жолақты ғаламторға қосылған. Ғаламторға қосылмай тұрған жалғыз Лебяжі ауданындағы Зор-Октябрь мектебі маусым айының соңына дейін қосылатын болады. Сонымен қатар, Успен ауданында бірнеше ауыл биыл ғаламтор желісін пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Айта кетерлігі, бұл бағытта аймақта он компания қызмет көрсетеді.