Павлодар облысында 273 мың гектар жер пайдаланылмай отыр

625

Бұл аймақтағы ауыл шаруашылық алқаптарының 4%-ын құрайды.

Павлодар облысында 273 мың гектар жер пайдаланылмай отыр Фото: Валерий Бугаев

Жыл басында облыс аумағындағы игерілмеген жердің жалпы аумағы 665 мың гектар болған еді. Бүгінгі таңда оның 134 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 258 мың гектар жер игеріле бастады. Ал 273 мың гектар алқап әлі күнге дейін бос тұр.

Павлодар облыстық қала құрылысы және жер бақылау басқармасының мәліметінше, жерлердің ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай тұруының бірден бір себебі – олардың қаржы институттарында кепілде болуы. Кейбір шаруалар ісін табысты жүргізе алмай, кейін сот шешімі арқылы жер қарыздың өтеуі ретінде алынады. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті әкімдіктер инвесторлар іздеп, алқапты айналымға қайта қосу үшін қаржы тартып жатқан көрінеді. Мәселен, Ертіс ауданында кепілдікте тұрған 15 мың гектар жер қолданысқа берілді. Жаңа инвесторлар бұл жердегі топырақты өңдеп, келесі жылы егін егуді жоспарлап отыр. Сол сияқты Ақтоғай ауданында банктың басқаруында болған 3,5 мың гектар жер бос жатпайтын болды. Алдағы уақытта тағы 23 мың гектар алқап айналымға енгізілмек. Нәтижесінде кепілдікте болған жерлердің жалпы көлемі 84 мың гектардан 65 мың гектарға дейін азайды.

Еске сала кетейік, кәсіпкерлер оларға берілген жерді пайдаланбаған жағдайда жер салығын 10 есе артық төлеуге міндеттеледі. Бүгінде мемлекеттік кірістер органдарына дәл осындай 147,7 мың гектар жердің иесіне қатысты мәлімет берілді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу