Павлодар облысында үш күннің ішінде 54 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір адамға айыппұл салынды. Қалғандарына ескерту жасалған. Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Руфат Кенжин мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Карантин режимі енгізілген үш күннің ішінде 96 құқық бұзушылық анықталды. Блок-бекеттердегі, карантинге алынған тұрғын үйлер мен аурухананы күзетіп отырған полицейлерден коронавирусты анықтауға мүмкіндік беретін тест алынады. Мұндай тексеруден қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап жүрген барлық қызметкерлер 100 пайыз өтеді. Ол үшін қажетті тест толығымен сатып алынды", – дейді Руфат Кенжин.
Спикердің айтуынша, тағы бір адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 476-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 30 тәулікке қамауға алынған.
Сондай-ақ Павлодар қаласында 7 мобильді топ жұмыс істеуде. 15 сәуірдегі жағдай бойынша, облыс орталығындағы мамандар 10 500 техниканы тексеріп, 96 көлікті айыппұл тұрағына жіберген.
Еске сала кетсек, бекітілген қаулыға сәйкес азық-түлік дүкендері мен дәріханалар кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Кешкі сағат 22.00-ден кейін тек жұмыс істейтін адамдар ғана сыртқа шыға алады. Олар өзімен бірге тиісті құжаттарды алып жүруге тиіс.