Павлодар облысында 3 мыңнан астам бақылау камерасы қосылды

Олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылауға бағытталған.  

Павлодар облысында 3 мыңнан астам бақылау камерасы қосылды Фото: pavon.kz

Павлодар облысында қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыруға, көшедегі қылмыс деңгейін төмендетуге және жол-көлік оқиғаларын қысқартуға бағытталған "Қауіпсіз қала" ауқымды жобасын іске асыру басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сол арқылы аймақ тұрғындары үшін жайлы және қауіпсіз қалалық орта құру көзделіп отыр. Жоба авторларының айтуынша, бейнебақылаудың заманауи технологиялары оқиғаларға жедел ден қоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық орындар мен жолдарда азаматтарды қорғауды қамтамасыз етуге көмектеседі. Ал камералардың барлығы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылып, бұл қызметтерге нақты уақыт режимінде жедел ақпарат алуға және жауап беруге мүмкіндік береді.

Жалпы, "Қауіпсіз қала" аясында 3000 қоғамдық қауіпсіздік камерасы және 420 "Мерген" зияткерлік кешені орнатылды. Бұл ретте қара тұтас камералар автокөлік жылдамдығын бақылайды. Ал жылдамдықты асырған жүргізушілерге автоматты түрде хаттамалар толтырылып, айыппұл белгіленеді. Сергек сынды ақ камералар қауіпсіздікті қадағалайды. Жылдам қозғалыс, өрт, жаяу жүргіншілердің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуі, жүргізушінің белдікті тақпауы, телефонмен сөйлесуі, көлік нөмірінің оқылмауы, стоп сызығынан асып кетуі, тұтас жолақты кесіп өтуі сынды құқық бұзушылықтарды анықтайды. 

Аталмыш жүйе бүгіннен бастап кезең-кезеңімен жұмысын бастайды. Бірінші кезеңде Павлодардағы желілік учаскелерде жылдамдық өлшегіштер, екінші кезеңде Ақсу және Екібастұз қалаларында желілік учаскелер қосылатын болады. Ал үшінші кезеңде қиылыстар жұмыс істейтін болады. Төртінші кезең аясында республикалық және облыстық маңызы бар жол учаскелерін қамту жоспарланған. 

Бұл жүйе аясындағы құрылғылардың барлығын мердігер өз қаржысына сатып алып, орнатты. Облыстық әкімдік алдағы үш жыл аралығында әр жұмыс істеп тұрған камера үшін ақы төлейтін болады. Бұл мақсатқа 9,5 млрд теңге қарастырылған. Ал үш жылдан соң жергілікті билік бұл кешеннің барлығын өз меншігіне өткізбек. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу