Өкінішке қарай, бүгінде тұрғындар арасында бедеулік, белсіздік сырқаттары бар. Сондай жандарға арналған мемлекеттік бағдарлама сәби күлкісін сыйлауда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, Павлодар облысында 1600 әйел бедеулік, 400-ден астам ер адам белсіздік бойынша есепте тұр. Ал, "Аңсаған сәби" бағдарламасы басталған үш жыл аралығында барлығы 272 бала өмірге келді. Олардың қатарында үш егіз де бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығы бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакинаның айтуынша, 2021 жылы 97 сәби, 2022 жылы 81, былтыр 94 нәресте экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы дүние есігін ашқан.
"Биыл 84 отбасы сәби күтіп жүр. Сонымен қатар, 103 жұптың нәтижесі ойдағыдай болмады. Ал 79 жұптың қорытындысы әзірге шыққан жоқ", – дейді Гүлнар Жармакина.
Жалпы, экстракорпоральді ұрықтандырудың алғашқы жылдары тұтас елге 100 квота бөленітен еді. 2021 жылы ол мемлекеттік бағдарламаға енгізілген соң Павлодар облысының өзіне ғана 290 квота қарастырылды.
Айта кету керек, таяуда Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиын барысында өзге өңірлерден артық қалған квоталарды басқа облыстарға бөлуге қатысты мәселе көтерілді. Кей жұптар діни көзқарастары, басқа да себептерге байланысты жасанды ұрықтандыру жасаудан бас тартып жатады. Мұндай жағдайда мүмкіндік басқа облыста кезекте тұрған отбасыларға берілуі мүмкін.