Павлодар облысында 15 қаңтар - 31 наурыз аралығында әкімшілік айыппұлдарды қасақана төлемегендерді анықтауға және шара қолдануға бағытталған "Борышкер" жедел алдын алу і шарасы өтті, деп жазады pavlodarnews.kz.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, рейдтік іс-шараларды өткізу үшін полиция қызметкерлері, прокуратура, салық органдары және сот орындаушыларынан арнайы топ құрылған. Полицейлер құқық бұзушыларға төленбеген айыппұлдарының бар екені туралы ақпараттандырып, қоңырау шалған.
"Нәтижесінде 1-сәуірдегі жағдай бойынша 163 млн теңге берешек өндіріліп, айыппұл тұрағына 36 автокөлік қойылған. Темір тұлпарлардың иелері ірі сомада айыппұл төлемей келген. Мысалы, 30-наурыз күні айыппұл төлемегені үшін полицейлер 54 жастағы павлодарлық тұрғынға тиесілі "DATSUN ON-DO" маркалы автомашинаны айыппұл тұрағына жеткізді. Бейне тіркеу жүйесі құралымен бұл автокөлікпен 2016-2017 жылдары 243 мың теңге сомасында әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгені анықталды", - деді департаментте.
Бұдан басқа, тәртіп сақшыларымен айыппұлдарды төлемегені үшін Павлодар қаласының 30 жастағы тұрғынына тиесілі "Ваз-21099" маркалы автокөлік айыппұл тұрағына қойылған. Бейне тіркеу жүйесі құралымен аталған автокөлікпен 2017 жыл ішінде 100 мың теңге сомасында әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгені белгілі болды.