Павлодар облысында 37 млн теңгеге жөнделген жол тегіс болмай шықты

739

Маралды ауылында жөнделген жолдың тегіс емес екені анықталды.

Павлодар облысында 37 млн теңгеге жөнделген жол тегіс болмай шықты Фото: inbusiness.kz

Ұзындығы біржарым шақырым болатын көшенің асфальтын жаңалауға облыстық бюджеттен 37 млн теңге бөлінген. Жолдың сапасын қадағалайтын мекеме, мердігерге асфальтты тегістеуді талап етіп отыр.

Павлодар облысындағы Шақат ауылдық ауылдық округына қарасты Маралды ауылында жүз үй бар. Елдімекенді ортасынан қақ жарып өтетін ұзындығы біржарым шақырымнан асатын жол жылдар бойы жөндеу көрмеген. Биыл "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында облыс қазынамсынан қаражат бөлінді. Әйтсе де, жаңартылған жолдың сапасы қанағаттанарлық емес.

"Қазір әлі жол қабылданған жоқ. Мына жолдың сапасы орташа деп айтуға болады. Кезінде үш жыл бұрын сұраған ақша биыл берілді", - деді Шақат ауылдық округ әкімі Ерболат Қанкин.

Бүгінгі таңда жөнделіп жатқан немесе жаңадан салынған жолдардың сапасы жіті бақылауда. Жылжымалы зертханасы бар қадағалаушы мекеме үнемі рейд жасап сынамадан өткізеді. Олар, Маралдыдағы көше асфальтының кедір-бұдыр қисығы мен кейбір жерінің қайтадан бүлініп қалғанын анықтады.

"Филиал мамандары жөнделген жолдан кемшіліктер анықтады. Жолдың жабындысы кейбір учаскелерде тегіс төселмеген. Асфальттың бүлінген жерлері де болды. Біз тапсырыс беруші мен мердігерге ақауларды жою бойынша нұсқаулық бердік", - деді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" ПОФ бөлім басшысы Марат Валиев.

Тапсырыс беруші тарап мердігерге атқарған жұмысының ақшасын әлі толық төлемеген. Қабылданып қойғаннан кейін қалпына келтірту кеш болар еді. Көп жағдайда мердігер орнын сипатып кететін.

"Ұлттық орталық тарапынан аздаған ескертпелер бар. Біз кеткен кемшіліктерді қалпына келтіруге дайынбыз. Өткенде бір апта жаңбыр жауып, жұмыс уақытша тоқтап қалды. Жөндеуді толық аяқтаған соң ақау анықталған учаскелерді қайта жасаймыз", - деді Мердігер компанияның өкілі Сымбат Тайнов.

Биыл Павлодар облысында "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша елдімекен көшелерін жөндеуге бағытталған 44 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жолдардың жалпы ұзындығы 93 шақырым. Оған бөлінген қаражат 2,8 млрд теңге. Жалпы еліміз бойынша жолдарды салу мен қалпына келтіруге 700 ден аса млрд теңге қарастырылған.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу