Павлодар облысында 43 ауылды су басу қаупі бар

Биыл қар жылдағыдан көп түсті.  

Павлодар облысында 43 ауылды су басу қаупі бар Фото: Inbusiness.kz

Көктем келе қар суы еріп, кейбір елді мекендерді су басуы мүмкін. Қазіргі уақытта Павлодар облысында дәл осындай қауіп 43 елді мекенге төніп тұр. Оған қардың көп жаууы әрі жердің терең қатуы себеп болып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осы жылы қар былтырмен салыстырғанда 55% көп түсті. Сондай-ақ, қатты аяздың салдарынан жер екі метр тереңдікке дейін қатып қалды. Сондықтан ойпат жерлердегі елді мекендерде қар суы қиындық пен қолайсыздық тудыруы мүмкін. Оны сейілту үшін мамандар алдын-алу жұмыстарын пысықтап жатыр.

Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Шәкір Ахметовтің айтуынша, дайындық жұмыстары тіпті жаздан басталған. Сол кезде дамбалар бекітіліп, қорғаныс нысандары бекітілді. Ал қыста инерттік материал әзірленді.

"Бүгінде облыс бойынша 1700-ге жуық маманнан тұратын топ пен 616 техника, 42 мотопомпа дайын. Қазір ауылдарды аралап, жағдайды назарда ұстап отырмыз. Жергілікті билік тарапынан кемшін тұстар кетіп жатса, оны жоюға қатысты ұсыныстарды білдіреміз. Мол көлемдегі қардың бірден еріп кетіп, су кірмеуі үшін қар жиі шығарылып жатыр. Бүгінде 600 мың текше метр көлемінде қар шығарылды", - дейді ол.

Былтыр жылда су басып қалатын Шолақсор ауылындағы жағдайды реттеу үшін Сілеті өзенінің аумағы тазаланған еді. Сондықтан мамандар биыл мұнда айтарлықтай қауіп болмауы тиіс екенін алға тартады. Ал Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара бағытындағы төрт бірдей учаскеде жылдағыдай қауіп әлі де бар. Мұндағы топырақтың деңгейі төмен. Сондықтан қарғын су келер болса, жолды шайып кетуі әбден мүмкін.

Атамекен-Ертіс-Русская поляна бағытындағы жол да ерекше бақылауды талап етеді. Былтыр мұнда су өткізу құрылғыларының аздығы салдарынан мол су қиындық тудырған болатын. Осы жылы жағдай қайталанбас үшін қосымша су өткізу құбырлары салынды. Қардың қаншалықты тез еритіні ауа райына тікелей байланысты.

Синоптиктер наурыз айында Павлодар облысында сынап бағанасы жылдағыдай -4, -8 градус аралығында болады деп болжап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу