Ауыл әкімдерінің сайлауы 25 шілдеде өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Павлодар облысының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Гүлнар Аманжолова баян еткендей, 44 ауылдық округтің әкімі лауазымына 168 кандидат ұсынылды. Олардың ең үлкені 61 жаста, ең жасы – 25-те.
"Саяси партиялар 59 үміткерді тізімге қосты. Тағы 109 адам өзін-өзі ұсынды. Олар тұрғындардың кем дегенде 1% қолын жинап, тиісті құжатты өткізді. Кандидаттардың қатарында 118 әйел мен 50 ер адам бар", – деді Гүлнар Аманжолова.
Оның айтуынша, кандидаттардың арасында мұғалімдер, инженерлер, экономистер мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері көп. Қазіргі уақытта үміткерлердің тиісті талаптарға сай келер-келмесі тексеріліп жатыр.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл әкімі атануға ниеттілер ҚР-ның 25 жастан асқан, жоғары білімі бар, бұрын сотталмаған азаматы болуы керек. Мемлекеттік қызметте кемінде екі жыл немесе жеке секторда басшылық қызметте бес жылдық еңбек өтілі болуы шарт.
Осы уақытқа дейін 14 адам негізгі талаптарға сай болмай шықты. Сәйкесінше олар сайлауға түсе алмайды.
"Кандидаттардың базалық тексерістен өтпеуіне әр түрлі себеп бар. Мәселен, үміткерлердің бірі сот белгілеген жазасының әлі мерзімі өтелмегенін ұмытып кеткен. Яғни, ол сотталған адам болып есептеледі. Енді бірінің еңбек өтілі жетпейді. Бірі мемлекеттік қызметтен қуылып, оған белгілі бір уақыт аралығында бұл салада еңбек етуге шектеу қойылған", – дейді Гүлнар Аманжолова.
Айта кетейік, сайлау өтетін 44 ауылдық округте 75 мыңнан астам адам тұрады. Бұл елді мекендерде 52 мың сайлаушы бар. Олар ауыл әкімін 25 шілде күні тікелей таңдай алады.
Ажар Дәулетова