Осыдан үш жыл бұрын елімізде заңды тұлғалармен қатар жеке тұлғаларды да банкрот деп танитын заң қабылданған болатын. Ол тұрғындардың қарыздық жүктемесін азайтуға бағытталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бірден айту кету керек, банкроттықты несиелік амнистиямен шатастыруға болмайды. Амнистия кезінде өтелмей жүрген қарыз кешірілсе, банкроттықтың талаптары мен салдары бар. Павлодар облысындағы бес мыңнан астам адам сол талаптарға сай келмей қалды.
Дәлірек айтқанда, былтыр өңірде тұратын 6750 азамат өзін банкрот ретінде тану үшін тиісті өтініш берген. Алайда оның ішінен тек 10%-дан сәл асатын өтініш мақұлданды. Мұның себебін Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ержан Тоқтарханов былай түсіндірді:
"Былтыр облыс бойынша 6750 адам банкроттық туралы өтініш беріп, оның 694-і қанағаттандырылды. Ал 5 мыңнан астам адамның өтініші мақұлданған жоқ. Себебі негізгі талаптарға сай болмады. Біріншіден, банкрот ретінде тану үшін қарыз сомасы 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Яғни, 6,9 млн теңгеден артық болмауы керек. Екіншіден, соңғы 12 ай аралығында өтініш беруші несиенің бірде-бір рет өтемеуі шарт. Үшіншіден, мүлкі болмауы қажет", - деді ол.
Айтуынша, көбі екінші талаптан сүрінді. Берешекке белшесінен батқан адам соңғы бір жылдың ішінде несиесін өтейтін қауқары болмаса да, сот орындаушылары олардың шоттарын бұғаттап, сол шотқа азын-аулақ ақша түскеннің өзінде белгілі бір бөлігі қарызды өтеуге автоматты түрде алынады. Сол себепті өтініш беруші 12 айдың ішінде несиесін төледі деп есептеледі. Банкрот атануды қалайтын тұрғындар бұл туралы білмеуі де мүмкін. Оның барлығы өтініш бергеннен кейінгі тексеріс барысында белгілі болып жатыр.
Бұл ретте департамент басшысы банкроттық қарыздан оңай құтылудың жолы емес екенін де еске салды. Оның салдары бар. Айталық, банкрот боп танылған адам алдағы бес жыл бойы ешқандай несие түрін ресімдей алмайды. Алғашқы үш жыл бойы қатаң қаржылық мониторингтен де өтеді. Осы уақыт аралығында мүлік, басқа да қымбат тауар алатын болса, банкроттықтың күші жойылуы мүмкін.