Павлодар облысында 528 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр

731

Өңірде 513 мыңға жуық сайлаушы бар.

Павлодар облысында 528 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр

Павлодар облысының сайлаушылары республикалық референдумда жоғары белсенділік көрсетуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Орталық референдум комиссиясының хабарлауынша, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша өңірдегі сайлаушылардың 51,17%-ы Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты өз пікірін білдірді. Бұл – белсенділік бойынша үшінші көрсеткіш.

Ауа райының күрт суып, таңертең жаңбыр болғанына қарамастан учаскелерге келген тұрғындар қарасы қалың. Жастар да, қарттар да келіп жатыр. Олардың қатарында Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылындағы №155 учаскедегі дауыс берген 85 жасар Оралша Сманова бар. Ол бүгін бірінші рет дауыс беріп жатқан немересі Арман Оркеновпен бірге келді.

"Мен үшін сайлау – мереке. Осы күнге дейін бірде бір сайлаудан қалып көрген емеспін. Ерте тұрып, учаскеге келу – бұрыннан қалыптасқан әдет. Бүгін немерем Арман бірінші рет дауыс беріп отыр. Сондықтан биылғы референдумның орны ерекше", – дейді кейуана.

Референдум комиссиялары бірінші рет дауыс беріп жатқан жастарға, алғаш келген сайлаушыларға, қарт дауыс берушілерге естелік сыйлықтарды үлестірді.

Сондай-ақ бүгін қоғамдық көліктің барлық түрінде жүру тегін. Облыс орталығы мен аудан-қалаларда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, өнім арзан бағаға сатылуда.

Құндыз Қабылденова

Фото: Есенжол Исабек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу