ҚР Президентінің сайлауына аймақ тұрғындары белсенді түрде қатысуда. Алғашқылардың бірі болып облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов дауыс берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы #15 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өз таңдауын жасады
Бүгін облыс орталығындағы #15 сайлау учаскесінде аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов бюллетень алып, белгі қойды
"Бүгін еліміз үшін маңызды күн әрі тарихи оқиға. Ел азаматтары ҚР Президенті атанар азаматты таңдауда. Мен де азаматтық борышымды өтеп, өз таңдауымды жасадым",-деді Әбілқайыр Сқақов.
Аталмыш сайлау учаскесінің төрағасы Ғалым Шаймардановтың айтуынша, бұл учаскеде 1542 дауыс беруші тіркелген. Олардың қатапында алғаш дауыс беретін 5 жас бар. Дауыс берушілердің ең үлкені - 1933 жылы туған апа бүгін бірінші болып дауыс берді.
Биыл тіркеуі жоқ азаматтардың дауыс беруі үшін мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары іске кірісті. Орталық мамандары тұрғындарды сол сайлау учаскесіне тіркейді. Ал ертең ол автоматты түрде тіркеуден шығарылады.
Сондай мүмкіндікті пайдаланған азаматтардың бірі - облыс орталығындағы Павлодар машина жасау колледжінің студенті Уәлихан Егінбаев. Ол жақында 18 жасқа толды. Президент сайлауына алғаш рет қатысқан азамат ретінде шағын сыйлық алды.
"Менің тұрақты тіркеуім жоқ екен. Сондықтан #15 учаскеге келіп, дауыс беру үшін біркүндік тіркеуге тұрдым. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары сол учаскеде тіркелуіме көмектесті. Елдің болашағы Президентке тікелей байланысты болғандықтан, жастар міндетті түрде үнқосуы керек деп ойлаймын. Біркүндік тіркеу де соған мүмкіндік береді", - дейді ол.
Айта кетейік, аталмыш учаскеде осы уақытқа дейін 3 азамат бір күнге тіркелді.