Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйлердегі кірпіштен бастап, жертөле мен төбеге дейін пәтер иелерінің ортақ мүлкі. Сондықтан мемлекет оларды тегін жөндеп, қалпына келтіріп бермейді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Тек әкімдіктер тұрғындарға "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша қомақты қаржыны ұсынады. Несие 0,1 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейін беріледі.
"Пәтер иелері бағдарлама арқылы бөлінген қаражатты төбе, қасбет, жертөлені жөндеуге, лифтті ауыстыруға, жылу есептейтін жалпы үйге ортақ есептеуіштерді қоюға жұмсай алады. Бағдарлама қатысу үшін тұрғындар өздері жиын өткізіп, пәтер иелерінің кемінде үштен екі бөлігі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруі тиіс. Кейін хаттаманы жергілікті әкімдікке тапсырады. Соның негізінде қажет қаржы бөлінеді", – деп хабарлайды Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Мысалы, биыл Екібастұз қаласындағы біркөпқабатты үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін 100 млн теңге қарастырылмақ. Одан басқа тағы 8 үйді қалпына келтіру үшін өтініштер жолданды. Ал 2025 жылға дейін облыс орталығында 9, Екібастұз бен Ақсу қалаларында барлығы 8 көпқабатты баспана жаңғыртудан өтеді.
Жалпы Павлодар облысындағы 2,5 мың тұрғын үйдің 550-ден астамы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ажар Дәулетова