Павлодар облысында мемлекеттік сатып алудың бәсекеге қабілетті емес тәсілімен жеткізушілерді таңдау деректері анықталды, деп жазады inbusiness.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, "Еңбек-Өскемен" РМК филиалымен және "ҚазҚұрылысСервис" ЖШС-мен бір көзден негізсіз жасалған шарттардың жалпы сомасы 6 млрд теңгені құрады.
"Қалалық прокуратураның қадағалау актісі бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті талап арыз жұмыстарын жүргізді. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімдерімен 11 шарт жарамсыз деп танылды", - делінген хабарламада.
Павлодар қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы "Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзу" бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.