Бүгін түнде Павлодар облысына қарасты Май ауданындағы Майтүбек ауылында бірден 75 тонна шөп өртенді. Соның салдарынан бірнеше үйдің қорасындағы төрт түлік қысқы уақытта мал азығынсыз қалды, деп хабарлайды inbusness.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабар 5 қаңтар сағат 01.57-де түскен.
"Майтүбек ауылында Б.Момышұлы көшесінде 120 шаршы метрден астам аумақта 20 тіркеме шөп, яғни 40 тонна шөп жанды. Сондай-ақ, Гагарин көшесінде 105 шаршы метр аумақта 34 тонна мал азығы өртенді. Қызыл жалын 06.30-да толығымен ауыздықталды, - деп хабарлайды департамент өкілдері.
Тілсіз жауды ауыздықтау үшін Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен бір техника мен 4 қызметкер, Май ауданының төтенше жағдайлар бөлімінен екі қызметкер, бір бульдозер және екі автокөлік жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта шығын көлемі анықталуда. Алдын ала болжам бойынша, өртті әлдекімдердің қасақана қоюы ықтимал.
Бұл – аталмыш аудандағы осы іспетті алғашқы жағдай емес. Өткен жылдың қара күзінде жүздеген гектар шабындық отқа оранып, Баскөл ауылы тұрғындарының басым бөлігі мал азығынсыз қалған еді. Бүгінгі өрт жығылған үстіне жұдырық болды. Ауылдағы ағайын қыстың көзі қырауда шөпті қалай және қайдан алады? Өкінішке қарай, бұл сауал әзірше ашық күйінде қалып отыр.