Күллі ел жұртшылығы, Павлодар облысының азаматтары 7 жасар Милананың өлімінен кейін ес жимай жатқан тұста Екібастұз қаласынан тағы бір қаралы хабар жетті. Осы шаһардың іргесіндегі Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінде 8 айлық қыз бала қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қайғылы жағдай туралы алғаш болып үш күні бойы Милана Давыдованы іздеу жұмыстарын ұйымдастырған "Vita" волонтерлік ұйымы мәлім етті.
"Бүгін тағы бір суыт хатар жетті. Павлодар облысындағы кенттердің бірінде 8 айлық нәресте шетінеп кетті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оған баланың ас-сусыз қалуы себеп болған. Отбасының басқа балаларының да жағдайы мәз емес", - дейді еріктілер.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен полиция департаменті бұл оқиғаның орын алғанын растады.
"17 қарашада Екібастұз қаласының Шідерті кентіндегі пәтерлердің бірінен 8 айлық баланың зорлық белгілері жоқ мәйіті табылды. Бұл факт туралы полицияға анасы хабарлады. Факт тіркелді. Мәйіт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады. Бұл факт туралы жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарына дереу хабарланды", - деп хабарлады полиция департаменті.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, нәресте биыл дүниеге келген. Бұған дейін анасы медициналық көмекке жүгінбеген. Гистологиялық зерттеулерден соң сәбидің нақты неден шетінеп кеткені белгілі болады.
Белгілі болғандай, әйел мен балаларының тұрақты тіркеуі Павлодар қаласында Бірақ ол үйден жиі кетіп, Шідерті кентіндегі ата-анасына баратын көрінеді. Қыз бала сол пәтерде өмірден өткен.
Бұл – Екібастұз қаласының аумағында айналдырған бес күннің ішінде орын алып отырған екінші қайғылы жағдай, бала өлімі. Бұған дейін осы шаһарға қарасты Милана Давыдованың өз анасының қолынан қаза тапқаны хабарланған еді.