Павлодар қаласының Солтүстік өндірістік аймағындағы ашық қоймада сақтаулы тұрған мал азығы отқа оранды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 12 қазан күні сағат 20:46-да Солтүстік өндірістік аймақ, 2394 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына №1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жетті. Қызыл жалынмен күреске 16 адам мен 5 техника жұмылдырылып, өрт бүгін 07:29-да толығымен ауыздықталды.
Белгілі болғандай, өрт шыққан қойма "Бейбітова" жеке кәсіпкерлігіне тиесілі. Мұнда шамамен 90 тонна шөп бума ретінде сақтаулы болған. От шарпыған аумақтың көлемі 280 шаршы метрден асады. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен келтірілген шығын көлемі анықталуда.
Айта кетейік, биыл павлодарлық шаруалар мал азығының бір жарым жылдық қорын дайындаған болатын. Төрт түліктің қыстан аман шығуына 1,1 млн тонна шөп қажет болса, кәсіпкерлер 1,5 млн тонна әзірледі.
Ажар Дәулетова