5 тамыз күні Павлодар облысында 103 қызметінің медициналық бригадасы әйелді жедел жәрдем көлігінде аман-есен босандырып алды. Бұл туралы өңірлік жедел жәрдем стансасы хабарлады.
Сағат 10:23-те пультке Баянауыл – Павлодар тасжолында келе жатқан көлікте 32 жастағы жүкті әйелдің толғағы басталғаны жөнінде хабар түскен. Дереу шақырту орнына жеткен медициналық бригада әйелді реанимобильге отырғызып, ауруханаға жеткізуге кіріскен. Алайда жолда босану үдерісі басталып кеткен.
Сағат 10:55 шамасында қыз бала дүние есігін ашты. Оның салмағы – 2,9 келі, бойы – 48 см.
Фельдшерлік бригада жылу тізбегін сақтай отырып, ана мен сәбиді Ақсу қалалық ауруханасына жеткізді.