Әрбір ата-ана ажырасқан болса да, балаларын кәмелетке толғанға дейін асырауға міндетті. Бірақ соттың шешімдеріне қарамастан, кейбір азаматтар әлі де кәмелетке толмаған балаларына тиісті ақшаны төлемеген.
"Павлодар облысында кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарған 208 адам іздеуде жүр. Олардың төртеуі шет елдерде: Германия, Түркия, Польшада. Олар бойынша да іздестіру шаралары жалғасуда. Жыл басынан бері полицейлер алимент төлемейтін 96 адамның орналасқан жерін анықтады. 17 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Алимент бойынша борышкерлердің көлік құралдары туралы мәліметтер “Автоағын” және “Интегра” автоматтандырылған жүйелеріне де енгізіледі. Сонымен қатар алимент төлемейтіндер әкімшілік жауапкершілікке ғана емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылады, – деді Павлодар облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов.