Кеше кешкі уақыттан бері өңірде ауа райы күрт өзгерді. Жел күшейіп, боран соғып, жолдар жабыла бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Өкінішке қарай, төтенше жағдайлар қызметі соңғы бірнеше күн бойы ауа райының нашарлауы туралы ескертіп жатқанына қарамастан, кейбір жүргізушілер жолға шығып, қиын жағдайда қалды.
Мәселен, бүгін сағат 06.35-те Шарбақты ауылынан Ресей Федерациясына қарай 10 шақырым жерде автокөлік жолдың шетінде тұрып қалғаны туралы хабар түсті.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, көлікті қар үйіндісінен шығарып, Шарбақты ауылына сүйреп апарды.
Жалпы, Павлодар облысы бойынша 384 техника – 330 жүк көлігі, 51 жеңіл көлік пен 3 автобус жолда қалды. Оның ішінде барлығы 609 адам бар. Осы уақытқа дейін жылыту пунктеріне 32 адам орналастырылды. Жергілікті билік жолда қалған азаматтарға ыстық тамақ ұйымдастырды.
"Ауа райының нашарлауына байланысты 9 бағыт бойынша автожолдар жабылды. Жолдарда полиция бекеттері қойылды. Ал төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне ауыстырылды. Бекеттерде арнайы жоғары өтімді техника, вахталар қойылып, қызметкерлер кезекшілік етеді", – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша ТЖД баспасөз қызметі.
Жалпы, өңірде 189 жылыту пункті қарастырылған. Бүгінгі ауа райына байланысты 1-11 сыныптарға арналған сабақтар қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.
Ауа райының нашарлауы мен жолдардың жабылуы туралы ақпараттар тұрғындарға смс-хабарлама ретінде жолданып, "Дәрмен" қосымшасына жарияланып тұрады.