Павлодар облысында аудандық ауруханаларға 62 медициналық жабдық сатып алынады

1035

2019 жылы республикалық бюджеттен жедел медициналық қызмет көрсету үшін сегіз санитарлық көлік сатып алынса, қосымша 25 реанимобильге өтініш берілген.

Павлодар облысында аудандық ауруханаларға 62 медициналық жабдық сатып алынады

Өңірдегі аудандық ауруханалар үшін 752 млн теңгеге 62 медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық әкімдікте 2019 жылғы жоспарларға қатысты өткен жиын барысында белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Оның ішінде өкпенің жасанды вентиляциясы, ультра дыбыстық зерттеу, флюорографтар мен маммографтар, наркозды демалу аппараты бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша былтырмен салыстырғанда тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарған. Дегенмен, бастапқы сатыда диагностика жасау, медициналық көмек көрсету бойынша заманауи технологияларды енгізу қажет. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін биыл республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,9 млрд теңге заманға сай медициналық жабдықпен қамтамасыз етуге бағытталған", – деді  облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев.

Облыс әкімі Болат Бақауов аудандық ауруханаларға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.

"Өткен жылдан бері Ақсу мен Екібастұз қалаларында денсаулық сақтау саласын дамытумен айналысып келеміз. Енді аудандық ауруханалар бойынша жұмыс істеу керек. Бәлкім, бір ауданаралық аурухана ұйымдастыру керек шығар. Мысалы, Тереңкөл ауданында аудандаралық аурухананы күшейтуге болады. Қажетті жабдықтар мен құралдар бойынша ұсыныстар жолдаңыздар", – деді Болат Бақауов.

Бұдан басқа, 2019 жылы республикалық бюджеттен жедел медициналық қызмет көрсету үшін сегіз санитарлық көлік сатып алынса, қосымша 25 реанимобильге өтініш берілген. Оның сегізі – Павлодар, Ақсу қалаларына, 17-сі ауылдық аймақтарға арналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу