Павлодар облысында ауыл мектептері жылуға жарымай отыр

Павлодар облысының Ақтоғай ауданында 12 мектептің оқушылары тоңып отыр.

Павлодар облысында ауыл мектептері жылуға жарымай отыр Фото: Влад Некрасов, Коммерсантъ

Өйткені, жылу параметрі төмен. Оқушылар сабақты қымтанып, киіммен өткізеді. Сондай-ақ, аудандағы үш мәдениет үйі мен үш мемлекеттік ғимарат суып кетті. Осы нысандарды көмірмен қамтамасыз етуі тиіс компания өз міндетін орындамай отырған көрінеді. Қатты отынның қоры таусылуға жақын. Ал, от жағушы мамандар айлап еңбекақы алмаған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы 12 мектеп пен үш әлеуметтік нысан және үш мемлекеттік ғимарат қыс түскелі жылуға жарымай келеді. Оларды қатты отынмен қамтамасыз етуі тиіс компания көмір қорын жасамаған. Ал, әкелген көмірлері сапасыз, қызуы жоқ. Қанша жаққанмен жылу бермейді. Шыдамы таусылған халық депутаттарға шағымданған.

"Мектептерде жылу өте нашар, 12 градусқа дейін түсіпті әдейі барып өлшедік. Балалар сыныпта киіммен отыр. Сондай жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Көмір қоры өте аз екі үш күндік запас қана бар және көмірдің сапасы өте нашар", - дейді Облыстық мәслихаттың депутаты Сәбиден Мантықов.

Мердігер "Сарыкөл" кенішінен шығатын құм іспетті ұсақ көмір әкеледі екен. Ол жанбай жатып алады. Ал, жылу пештеріне тас көмір қажет. Оның қызуы көп. Компания қатты отынды дер кезінде жеткізбегенімен қоймай, от жағушы жұмыскерлердің еңбекақысында айлап кешіктіруде.

"Тас көмір алып келсе жақсы болушы еді негізі. Сосын жалақымызды уақытылы түсірсе соған рахмет айтамыз", - дейді Қожамжар ауылының тұрғыны Асқар Солтанәлиев.

Осыдан үш жыл бұрын Ақтоғай ауданы "Инновации Казахстана" компаниясымен келісім шартқа отырған. Олар 12 мектеп, үш мәдениет үйі және үш мемлекеттік ғимаратты көмірмен қамтамасыз етуге міндеттелген.

"Келісім шартты орындамай отыр ғой сол. Ақшасы жоқ, көмірді дұрыс әкелмейді уақытында. Бір екі машинасы бар сонымен үлгермейді уақытында", - дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машрықов.

Аудан әкімдігі желтоқсан айы біткен соң мердігер компаниямен келісім шартты біржақты үземіз дейді. Ал, оған дейін тоңып отырған жұртқа төзе тұруға тура келетін сияқты.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу