Соңғы күндері Павлодар облысында күн күрт жылынып, қар бірден еріп жатыр. Бұл өз кезегінде елді мекендерге қарғын судан келер қауіпті арттыра түседі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Қазгидромет" деректері бойынша, биыл гидрометеорологиялық көрсеткіштер айтарлықтай артты. Атап айтқанда, жауын-шашын көлемі былтырғыға қарағанда 69%-ға, қар жамылғысындағы су қоры 2,2 есе артып, топырақтың қату тереңдігі 35,3%-ға өсті. Алдағы күнде аймақтағы ауа температурасының одан әрі көтеріліп, +15 °С дейін жетуі болжанып отыр. Бұл қардың қарқынды түрде еріп, еріген қарс суының жиналуына ықпал етуі мүмкін.
Осындай тәуекелдер ескеріліп, Екібастұз қаласының маңындағы Шиқылдақ ауылына апаратын жолдың бір бөлігіндегі жабыны толығымен ашылып, жол бұзылды. Әйтпегенде, еріген қар суы елді мекенге еніп, үйлерді су басу қаупі болар еді.
Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай шешім қауіптің бетін сейілтті. Енді қарғын су ауылға кірмейді. Ал көліктер елді мекенге басқа баламалы жол арқылы жете алады. Сондай-ақ, ауыл маңында арнайы кезекшілік ұйымдастырылып, жол төсемін нығайту жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, Павлодар облысындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдардағы барлық 1281 су өткізу құбыры жұмыс істеп тұр. Материалдық-техникалық ресурстардың арнайы қоры да құрылды. Оның ішінде 63 мыңнан астам қап, 68 мың тонна инертті материал, 152 тоннадан астам жанар-жағармай бар. Оған қоса, 1871 адамнан тұратын азаматтық қорғаныс күштерінің тобы әзір. Су тасқынының алдын алу жұмыстарына 975 техника, 357 су айдау құралы және 21 жүзу құралы жұмылдырылды.