Павлодар облысында автогаз тапшылығы бар ма?

177

Облыс бойынша газ сататын қанша станса бар?

Павлодар облысында автогаз тапшылығы бар ма? Фото: Depositphotos

Ертіс-Баян өңірінің аумағында автөлік газын сататын 97 станса бар. Олардың 13-і бүгінде көгілдір отынды талон бойынша жіберіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде автогаз тапшылығы байқалмайды.

– Қазан айына бөлінген 480 тонна сұйытылған мұнай газы "Павлодар мұнай-химия зауыты" қорында бар. ПМХЗ қорында газ қалдықтары сақталып отыруына байланысты аймақта тапшылық байқалмайды. Алайда, өңіріміздегі автогаз сатумен айналысатын 17 мекеменің 2-уінде сұйытылған газ қоры таусылғаны себепті, олар қазір өз жанармай стансаларында газды талон арқылы сатып жатыр. Негізі облыс бойынша газ сататын 97 станса бар болса, соның 13-і талон бойынша беріп жатыр", – деп жауап берді басқарманың тұрғын үй шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлігер Теміртас.

Осы аптаның аяғында қараша айына бөлінген 4925 тонна сұйытылған мұнай газын ПМХЗ-дан тасымалдау басталады деп жоспарланған. Нәтижесінде талонмен жұмыс істеп тұрған газ стансаларында жағдай тұрақталады деп күтіліп отыр.

Атап өтейік, ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығымен Павлодар облысындағы автогаз стансаларында 1 литр сұйытылған газ бағасы 81 теңге мөлшерінде бекітілген.

Бұған дейін еліміздің Энергетика министрлігі автогаз тапшылығы қалыптасып отырған батыстағы 3 өңірге қосымша газ жөнелтілетінін мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу