Павлодар облысында бала тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналар көбейді

Олардың балалары арнайы орталықтарға орналастырылды. 

Павлодар облысында бала тәрбиесіне салғырт қарайтын ата-аналар көбейді Фото: Павлодар облыстық полиция департаменті

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын екібастұздық Милана Давыдова туған анасының қолынан қаза тапқан соң, ал Шідерті кентінде сегіз айлық бала аштықтан шетінегеннен кейін облыста тұрмысы төмен отбасыларды анықтау бойынша жұмыс күшейтілді. Соның нәтижесінде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналардың қарасы көбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Күні кеше облыс орталығында осындай бір жас отбасы анықталды. Полиция өкілдері аталмыш пәтерге барған кезде әкесі мас күйінде еденде ұйықтап жатқан. Ал үйде ішерге ас-су болмай шықты. 

Белгілі болғандай, 21 және 22 жасар ата-аналардың үш баласы бар. Үлкені төрт жаста, кіші егіздер – екі жаста. 

"Балалардың әкесі мен анасы ащы суға үйір екені анықталды. Үйде тамақ болған жоқ, пәтер іші лас, санитарлық нормаларға мүлде келмейді. Балалардың жатын орны да қарастырылмаған. Олар емхананың тіркеуінде жоқ болып шықты", - дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев. 

Бүлдіршіндер балалар үйіне орналастырылды. Ал ата-аналары ҚР ҚК 127-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылмақ. 

Сол сияқты полиция мен прокуратура өкілдері, педагогтар 40 және 49 жастағы ерлі-зайыптылар да бала тәрбиесіне атүсті қарайтынын анықтады. Екеуі де ащы суға салынып, балаларына мүлдем көңіл бөлмеген. Оған қоса, үйде не тазалық, не жүрек жалғар ас жоқ. Балалардың сабақ оқуына мүлде жағдай жасалмаған. Сондықтан 11 және 12 жастағы балалар өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ал олардың ата-аналарының құқығы жарты жылға шектелді. 

Айта кетейік, Павлодар облысында бала тәрбиесіне қатысты келеңсіз жайттардан соң жауапты сала өкілдері үй-үйді аралап, әр отбасының жағдайымен жіті танысуға көшті. Соның нәтижесінде тек бір аптаның өзінде тұрмысы төмен 106 отбасы анықталды. Қараша айының соңындағы жағдай бойынша, 449 отбасы арнайы есепке алынды. Олардың тең жартысы – аз қамтылғандар. 

Мемлекеттік мекемелердің есебінде берекесіз отбасылар ретінде тұрғандардың қатарында 60 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Ал 252 отбасыға мұндай қаржылай көмек әзірше көрсетілмейді. Себебі олардың айлық кірісі кедейлік шегінен асып тұр. Отбасылардың тағы бір бөлігінің тұрақты табысы бар. Сондай-ақ, 169 шаңырақтың кірісі кедейлік шегінен 10-15%-ға артық екені белгілі болды. Тағы 18 отбасының айлығы күнкөрістің ең төменгі деңгейіне сәйкес келеді және формалды түрде бұл әулеттер жайлы деп есептеледі. 

Өз кезегінде полиция өкілдері өмірлік қиын жағдайға тап болған, соның салдарынан балалар зардап шегіп отырған отбасылар туралы қандай да бір ақпарат білетін тұрғындар дереу құзырлы органдарға хабарласуды сұрайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу