Павлодар облысында білім беру саласына 143 миллиард теңге бөлінбек

747

Өңірде үш мектеп салынады.

Павлодар облысында білім беру саласына 143 миллиард теңге бөлінбек Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары келесі жылға жоспарланған бюджетті бекітті. Бұл ретте әдеттегідей әлеуметтік бағыттарды қаржыландыруға басымдық берілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың сөзінше, ең көп сома білім беру саласына қарастырылып отыр. Бюджеттен бөлінетін 143 млрд теңгенің бір бөлігі жаңа мектептердің құрылысы мен қазіргі оқу орындарын жөндеуге жұмсалмақ.

"Келесі жылы "Ауыл – ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы мен "Заманауи мектеп" өңірлік бағдарламасының аясында 32 мектеп жөнделеді. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге керек. Павлодар қаласында оқушы орындарының тапшылығын жою үшін үш мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар бейнебақылау камераларын, дабыл түймешіктерін, турникеттерді орнату мен күзет қызметін енгізу жұмыстары жалғасады", – деді Ирина Назарчук.

Ал денсаулық сақтау саласына айтарлықтай аз қаражат қарастырылмақ. Атап айтқанда, жергілікті билік медициналық қызметті жақсартуға 8 млрд теңге жеткілікті деп пайымдайды. Бұл сома 318 студенттің медициналық жоғары оқу орындарында облыс әкімінің гранты бойынша оқуы, дәрігерлерге арналған жатақхананы жаңғырту үшін керек.

Ирина Назарчуктың сөзінше, әлеуметтік қорғауға 13 млрд теңге, спорт пен мәдениетті дамытуға 14 млрд теңге бөлу ойда бар. Бұл ретте спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге баратын балаларды қолдауға ден қойылады. 10 мыңға жуық оқушының бос уақытты тиімді пайдалануы үшін 1,2 млрд теңге қарастырылады. Аталмыш сома жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге үлестіріледі.

Облыстық мәслихат депутаттары жобаны бірауыздан мақұлдады. Осылайша, 2022 жылғы жалпы бюджет 346 млрд теңгені құрайды. Биыл қазынадан қарастырылған қаражат 314 млрд теңге болған еді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу