Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтемемен.
Жолқұдық станциясындағы жүк пойызының адам қағып кеткені туралы хабарлама Павлодар станциясындағы желілік полиция бөліміне 2021 жылғы 24 ақпанда сағат 16:22-де түскен. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.
"Біз азаматтарды жеке қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамыз. Теміржолдардан өту тек белгіленген және жабдықталған орындарда ғана рұқсат етілетінін еске саламыз", - деп атап өтті Қалижан Қобландин.
Оның айтуынша, жыл басынан бері пойыздарды шұғыл тежеудің 261 фактісі тіркелген. 63 факті адамдарға қатысты тіркелсе, 192-і малдың пойыз жолында болуына байланысты орын алған.
Белгіленбеген орындарда теміржолдан өткендері үшін 144 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.