Май ауданында бір ауыл және Ертіс ауданында төрт ауылдық округті қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы отырысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Ауыл мен ауылдық округтердің тұрғындарының, аудандардағы атқарушы органдардың пікірлерін ескере отырып, Май ауданында бөлімше тізімінен Қаратерек ауылының 30 тұрғыны бар 8 Март ауылын қысқарту көзделіп отыр. Аталған ауыл елдімекен мәртебесінен айырылған және аумағы Қаратерек ауылына кіреді", – дейді Мақсат Тұрлыбаев.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, әкімшілік бірлікті қысқарту бюджеттен қаржы бөлуді талап етпейді.
Көшелерді жарықтандыру және жолдарды тазалау жұмыстары жүргізіледі.
Ертіс ауданында төрт округті қысқартып, жақын орналасқан ауылдық округтерге қосу ұсынылады. Мәселен, 355 адам тұратын Ұзынсу ауылдық округі Ағашорын ауылдық округіне кіргеннен кейін тұрғындар саны 11888-ге жетеді. 294 тұрғыны бар Луговое ауылдық округін Байзақ ауылдық округіне қосудың нәтижесінде адам саны 1102-ге артады. 292 тұрғыны бар Қосағаш ауылын Панфилов ауылдық округіне біріктіру арқылы халық саны 1114 адамға жетеді. Ленинский ауылдық округін Амангелді ауылдық округіне қосудың нәтижесінде 303 адамы бар Ленино ауылдық округтің орталығына айналады. Мұндағы тұрғындар саны екі ауылды біріктірудің нәтижесінде 652 адамды құрайды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арынов ауылдарды оңтайландырған кезде ономастика мəселесін қатар шешуді, яғни селолық округтердің, ауылдардың атауын қазақшалауды ұсынды.