7-8 наурыз күндері өңірдегі қатты желден ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, электр энергиясын жеткізетін желілер үзіліп кетті. Қазіргі кезде табиғи апат салдарынан болған ақауларды жою жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Зардап шеккендер жоқ. Тек облыстағы қалалар мен Баянауыл, Май және Павлодар аудандарында қатты желдің салдарынан бірқатар мекеменің шатыры ұшып кетті.
"Барлығы 10 ғимаратқа зақым келтірілді. Оның ішінде үш әкімшілік ғимарат, төрт мектеп пен үш үй бар. Ақсу қаласы, Май, Аққулы, Ертіс, Павлодар, Баянауыл, Железин және Шарбақты аудандарында электр энергиясы ажыратылып, үш мыңнан астам абонент жарықсыз қалды", - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басқарма бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ақылбек Баяхметов.
Абоненттердің басым бөлігіне бүгінде жарық қайта берілді. Ал Шарбақты ауданындағы төрт ауылда қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда. Мұнда екі бригада, төрт техника мен 10 адам жұмыс істеп жатыр.