Павлодар облысында болған қатты дауыл кейбір шенеуніктерді орнынан ұшырды

467

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Асайын Байханов сенбіден жексенбіге қараған түні болған дауылдың салдарын жою бойынша жиналыс өткізді.

Павлодар облысында болған қатты дауыл кейбір шенеуніктерді орнынан ұшырды Фото: Валерий Бугаев

Өңір басшысы қала, аудан әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды. Жиналыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Павлодар облысы әкімдігі мәлімдеуінше, 18-19 қарашада Павлодар облысының аумағында кейбір жерлерде екпіні 37 м/с жеткен қатты дауылды жел тіркелді. Соның салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ, Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатырлары ұшып кетті. Олардың ішінде 61 мектеп, 10 аурухана, 9 мәдениет үйі және 3 спорт кешені бар. Сонымен қатар, қатты жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірді.

Зардап шеккен қалалар мен аудандардың әкімдіктері төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялардың отырыстарын өткізіп, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы ТЖ жариялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта келтірілген залалға бағалау жүргізіліп, нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар тартылды.

Электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық өшіру орын алды, электр желілерінің 100-ден астам бағаналарына зақым келді. Осы уақытқа дейін облыстың 3 ауданындағы 18 ауыл жарықсыз отыр. Бұл аймақ басшысының ашуын туғызды. Асайын Байханов электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіретін жауапты құрылымдардың жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Ол "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды өзі қадағалап, өзіне бағынышты ұйымдардың кемшіліктерін барынша жедел түрде жоюды тапсырды.

- Үшінші күн 18 ауылдың тұрғындары электр қуатынсыз отыр. Бұл дегеніміз, үш күн бойы оларда жарық жоқ, байланыс жұмыс істемейді, ал, кейбірінде су жоқ. Көптеген ауыл тұрғындары ұзақ жанатын пештерді және ұңғымаларға арналған сорғыларды пайдаланады. Электр қуатынсыз олар жұмыс істемейді. Қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды және басқа да ұйымдарды тартуды тапсырамын. Егер қолдарыңыздан келмей жатса, бізден көмек сұрау керек, - деді облыс әкімі "Павлодарэнерго" АҚ басшылығына.

Өңір басшысы қалалар, аудандар әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды. Жиналыс барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер әрең дегенде лауазымдарында қалды. Олардың алдағы уақытта жұмыс істеу-істемеуі туралы шешім Асайын Байхановтың бүгінгі берген тапсырмаларын орындау қорытындыларына байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу