Павлодар облысында былтыр "әдемі" нөмірге сұраныс екі есеге артқан

799

Павлодар облысында былтыр "әдемі" нөмірге сұраныс екі есеге артқан

Ертіс өңірінде 2017 жылы қымбат көлік нөмірлеріне деген сұраныс екі есеге артқан, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы агенттікке "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Павлодар облысы бойынша филиалы – халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің  баспасөз хатшысы Ақмарал Асылбаева айтты.

"2017 жылы 46 миллион 758 мың 446 теңгеге жоғары сұранысқа ие 117 нөмір сатылған", - дейді Ақмарал Асылбаева. – 2016 жылы 22 млн 745 мың 604 теңгеге  64 "сәнді" нөмір  саудаланған.  Биылғы жылы 877 мың 825 теңгеге осындай екі нөмір сатылды. Биыл "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы ішкі істер министрлігімен бірге автокөлік иелеріне жаңа мүмкіндік ұсына бастады. Енді көлікке әдемі нөмір алғанда сандарды ғана емес, әріптерді де таңдауға болады.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 15-қаңтардан бастап іске қосылған қызметке сәйкес  автожүргізушілер мемлекеттік корпорацияның фронт-офистері арқылы симметриялық нөмір белгілерін таңдай алады. Бұл үшін азаматтар мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) өтінімдерін рәсімдеп, мемлекеттік алымды төлеулері тиіс.

2014 жылдан бастап автокөлік иелері ел арасында "айна нөмір" деп аталатын симметриялық нөмірлерді сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізген. Енді азаматтар ақылы түрде сандар мен әріптерді өз қалауынша қиыстырып ала алады. Мысалы, тілек білдірушілер 010, 020, 030, 077, 707 сияқты жоғары сұранысқа ие нөмірлерге 5 700% АЕК көлемінде (137 085 теңге) төлейді.  Ал, осындай таңдаулы сандарға қоса, әріптердің де симметриялы болғанын  қалаған жағдайда  оның құны  11 400% АЕК (274 170 теңге)  болмақ. Сондай-ақ, егер қалаған нөмірлік белгісі базада болмаса, онда қажетті мемлекеттік алымды төлеп, мамандандырылған ХҚО арқылы тапсырыс беруге болады.

Айта кетерлігі, 2017 жылы елімізде жалпы сомасы 1,5 миллиард теңгеге 4500-ден астам таңдаулы нөмір сатылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу