Павлодар қаласының іргесіндегі Жаңаауыл елдімекенінде қайғылы оқиға орын алды. Футбол алаңында ойнап жүрген 12 және 14 жастағы балалар тоққа түсіп, сол жерде ажал құшты, деп хабарлайды 24.kz.
Жасөспірімнің біреуі спорт нысанының темір қоршауына шыққанда, қолы электр желілеріне тиген. Соның салдарынан жанында торды ұстап тұрған екінші баланы да тоқ ұрды.
Тұрғындардың айтуынша, оқушылар тоқ желілерін ұстауға бәс тіккен көрінеді. Энергия таратушы компания өкілдері мәліметінше, бұл желі арқылы ойын алаңы жарықтандырылған. Қазір жергілікті ішкі істер органдарының өкілдері қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
"Облыстық жедел-жәрдем станциясының мамандары оқиға орнына сегіз минуттың ішінде жетті. Ойын алаңының жанынан 2004 және 2006 жылы туған балалардың мүрделері табылды. Олар тоққа түскен. Өкінішке қарай, екеуі де қайтыс болды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Шахмарданов.