Өңірде спорттың қысқы түрлерімен айналысатын балалар мен жастар қатары артып келеді. Бірақ облыс орталығындағы жалғыз мұз сарайы спортпен тұрақты түрде шұғылдануға аздық етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соңғы уақытта ата-аналардың басым бөлігі балаларының хоккей, конькимен жүгіруіне қолайлы жағдай қарастыруды сұрап келеді. Себебі жас спортшылардың көптігінен кейде мұз айдынының босауын күтіп, кезекке тұруға тура келетін көрінеді. Кей кездері жаттығулар кестесі таңғы алтыда басталып, қас қарайғанша жалғасады.
Енді бұл мәселе көп ұзамай оң шешімін табуы мүмкін. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов "Medeo invest" ЖШС өкілі Сергей Цыбенкомен кездесті. Соның барысында тараптар Павлодар және Екібастұз қалаларында мұз айдындарын салу тұжырымдамасын талқылады.
Айталық, облыс орталығында хоккей, шорт-трек және конькимен жүгіру спортымен айналысуға арналған 20 000 шаршы метрлік мұз сарайының құрылысын мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасын аясында бастау қарастырылып отыр. Екібастұзда да 7500 шаршы метр мұз сарайын салу үшін жоспарда бар.
Асайын Байханов болашақ құрылыс үшін жер учаскелерін анықтау, инженерлік коммуникацияларды жүргізу, МЖӘ жобаларының тетіктерін пысықтауды және олардың шешімін 15 сәуірге дейін ұсынуды тапсырды.