Еліміз кезең-кезеңімен жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бет бұрып келеді. Бүгінде отандық нарықты Қытай, Корея, Қырғызстан мен Өзбекстанда шығарылған шұлықтар "жаулап" алса, алдағы уақытта отандық өнімнің импорттық тауарды ығыстыруы әбден мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Айталық, қазіргі таңда Шымкент қаласында жылына 50 млн жұп шұлық өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр. Биыл дәл осындай тағы бір кәсіпорын Павлодар облысында іске қосылмақ. Ол үшін "Әлем-БТ" ЖШС осы өңірдегі Қалқаман кентінде ұзақ жыл бойы қаңырап тұрған екі қабатты ғимаратты сатып алып, ретке келтіруге кіріспек.
"Бұл жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Оның 300 млн теңгесі компанияның өз қаржы болса, қалғанын несиелік шарт аясында алмақ ойымыз бар. Егер жоспардың барлығы сәтті жүзеге асса биыл 15 млн, кейін қуаттылықты екі есе арттырып, 30 млн жұпқа дейін шұлық өндіруге қауқарлы боламыз. Ал бастапқыда еуропалық сапаға сай келетін, элиталық дизайны бар 200 түрлі өнімді нарыққа жөнелтеміз", – дейді "Әлем-БТ" ЖШС жобалық бөлімінің жетекшісі Жанболат Құрманбаев.
Тек электр энергиясының тапшылығы діттеген ойдың барлығын іске асыруға кедергі келтіріп отыр. Зауыт толық қуаттылықта жұмыс істеуі үшін мұнда 1 МВт электр энергиясы керек. Кәсіпкер бұл мәселені шешуде жергілікті биліктен көмек сұрады.
"Электр энергиясымен қамту мәселесін реттеп береміз. Әу баста сіздер Атамекен кентінде зауыт ашу идеясымен келген кезде Қалқаман кентін ұсынған едім. Бұл ұсынысты қабыл алғандарыңыз үшін рақмет. Ал Қалқаманды ұсынудың өзіндік себебі бар. Мұнда жұмыс күші көп болғанымен, жұмыс орны аз. Салдарынан жұмыссыздықтың көрсеткіші жоғары елді мекендер қатарында тұр. Кезінде 3,5 мың адам тұрған елді мекендегі бүгінгі тұрғындар саны 2 мыңға да жетпейді. Бұл кентте өндірісті дамытып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтитын болсаңыздар, ауылда бос тұрған екіқабатты үйлерді мемлекет тарапынан жөндеп беруге әзірміз. Сонда кәсіпорын жұмысшыларын баспанамен қамтуға мүмкіндік болады", – деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Жанболат Құрманбаевтың сөзінше, шұлықтар Оңтүстік Корея елінің технологиясы бойынша дайындалады. Жоспарға сәйкес, зауытта 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұнда еңбек ету үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Жаңа мамандықты меңгеріп те керек емес. Ауылда жұмыс істеуге ниеті бар кез келген адамды оқытып, өндірістің қыр-сырын үйретуге бейілді. Тек ол үшін электр энергиясына қатысты мәселе шешіліп, уақыт оздырмай зауыт іске қосылса болғаны.